Моноқалаларды дамытудың бағдарламалары

«Екінші бағыт – Экономиканы әртараптандыру және моноқалалардың жұмыспен қамтылғандарының оңтайлы құрылымын қамтамасыз ету үшін шағын және орта бизнесті дамыту» моноқалаларды дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша анықтама

Бағдарлама ҚР Үкіметінің 25.05.2012 ж. № 683 қаулысымен бекітілген.
Өз істерін ұйымдастыру немесе дамыту ниеттері мен мүмкіндіктері бар, моноқалалардың және олардың әкімшілік бағыныштылық аумағында орналасқан елді мекендерінің тұрғындары екінші бағыттың қатысушылары бола алады.

Осы бағыттың аясына келесі мемлекеттік қолдау түрлері кіреді: 

  • кәсіпкерлік негіздерін тегін оқыту;
  • шағын несиелер ұсыну.

Бұл шаралар моноқалалардағы жұмыспен қамту орталықтары арқылы іске асырылады.
кәсіпкерлік негіздерін оқыту.
Бағдарламаның Үйлестірушісі мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жергілікті деңгейде кәсіпкерлік негіздерін оқыту және бизнес-жоспар дайындауға ықпал ету үшін ұйымды таңдап алады.
Кәсіпкерлік негіздерін тегін оқыту төмендегілерді қарастырады:

  • кәсіпкерлік негіздерін оқыту;
  • бизнес-жоспар дайындауға ықпал ету;
  • жобаларды одан әрі жылжыту үшін кеңес беру (сервистік) қызметтері.

Кәсіпкерлік негіздерін оқыту тікелей моноқалаларда жүргізіледі.
Шағын несиелер беру.
Шағын несие беру моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған тұрғындардың жұмыспен қамтылуына ықпал ететін белсенді шара болып табылады.

1. Республикалық бюджеттен берілетін бюджеттік несие жергілікті атқарушы органға  5 жыл мерзімге жеделділік, қайтарымдылық және ақылылық қағидатымен 0,01 % жылдық сыйақы мөлшерлемесімен ұсынылады;
несиелеу мерзімі –5 жылдан артық емес;
игеру кезеңі – Бағдарлама үйлестірушісінің бюджеттік несиені алған кезінен бастап  5 жыл;
бюджеттік несиенің көздеген міндеті – өз ісін ұйымдастыру немесе кеңейту, айналым капиталын толықтыру;
несие тұтынушылық мақсаттарға, алдыңғы несиелерін өтеуге, жылжымайтын мүлік, жер телімін сатып алуға және жалдау ақысын төлеуге берілмейді;
несиенің ең үлкен сомасы 3000000 (үш миллион) теңгеден аспауы керек;
ақырғы несие алушыға, шағын несиелеу ұйымдарына және/немесе несие серіктестеріне несие бойынша несиелеу мерзімінің үштен бір ұзақтығынан артық емес мерзімге негізгі борышын өтеу бойынша жеңілдік кезеңі ұсынылуы мүмкін. 

2. Облыстық маңызы бар жергілікті атқарушы орган уәкілетті өңірлік ұйымды белгілейді.

3. Бағдарламаны үйлестіруші жергілікті деңгейде несиені уәкілетті өңірлік ұйымға береді және онымен несие беру туралы келісімге отырады.

Уәкілетті өңірлік ұйым үшін:

  • қаржылық агенттік мәртебесі бар уәкілетті өңірлік ұйым үшін несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01 % мөлшерінде тағайындалады;
  • басқа заңды тұлғалар үшін несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі тиісті мемлекеттік эмиссиялық құнды қағаздар бойынша құнды қағаздардың екінші нарығында ұйымдастырылған операциялардың нәтижелері бойынша алдыңғы тоқсанда бюджетті орындау бойынша орталық уәкілетті органның эмиссиялаған мемлекеттік құнды қағаздарының қалыптасқан орташа есептелген кірістілік мөлшерлемесінің деңгейінде белгіленеді.

4. Уәкілетті өңірлік ұйым Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 819 қаулысына сәйкес Микроқаржы ұйымдарына және кредиттік серіктестерге конкурстық негізде кредит беру қағидаларында  (төменде – Қағидалар) айқындалған өлшемдерге сәйкес микрокредит (микроқаржы) ұйымдарын іріктейді.  
Уәкілетті өңірлік ұйым Қағидаларда айқындалған шарттарда микрокредит (микроқаржы) ұйымдарына кредиттік ресурстар ұсынады.
Кредиттік ұйымдарға кредиттік ресурстар жеделділік, қайтарымдылық, ақылылық, қамтамасыз етілу және мақсатты пайдалану шарттарында ұсынылады.
Түпкілікті қарыз алушыға арналған кредиттік ресурстар бойынша ең жоғары жылдық тиімді сыйақы ставкасын уәкілетті өңірлік ұйым өңірлік үлестіру кеңесімен келісім бойынша белгілейді.

5. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және табысы аз тұрғындардың кәсіпкерлігін дамыту шеңберінде салалық шектеусіз мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну былайша жүзеге асырылады:

  1. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген адамдар халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді, онда оларға Бағдарлама шеңберінде микрокредит алудың ықтимал нұсқалары туралы консультация беріледі.  Конкурстық негізде іріктелген микроқаржы (микрокредит) ұйымдары арқылы кредит қаражатын алуға ниет білдірген жағдайда, қатысуға үміткерлер халықты жұмыспен қамту орталықтарына өтініш пен мынадай құжаттарды береді:
    • жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;
    • тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі (мекенжай анықтамасы, аталған адамның моноқалада/ауданда тұратыны туралы);
    • еңбек кітапшасының (бар болса) немесе еңбек қызметін растайтын өзге құжаттың (жұмыс істейтін адамдар үшін) көшірмесі;
    • жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту бойынша бизнес-ұсыныс.

Жеке ісін кеңейтуді және айналым қаражатын толықтыруды жоспарлайтын адамдар:

  • төлем қабілеттілігін (егер адамға қызмет көрсететін екінші деңгейдегі банктің немесе оның филиалының адамның банктің немесе оның филиалының алдындағы (адам екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдың, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылатын жағдайда, аталған анықтама осындай банктің әрқайсысынан беріледі) міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша анықтама берген күннің алдында мерзімі үш айдан асып кеткен берешегі жоқ екені туралы анықтамасының қол қойылған және мөр басылған түпнұсқасы) растайтын құжаттарды қосымша ұсынады;
  1. Халықты жұмыспен қамту орталықтары ұсынылған өтініштер мен құжаттарды қарайды, мемлекеттік қолдауды алу түрлері бойынша үміткерлердің тізімдерін және бизнес-ұсыныстар тізбесін қалыптастырады және құжаттардың толық пакетін алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде:
    • Бағдарламаға қосу не одан бас тарту үшін үміткерлердің тізімдерін және бизнес-ұсыныстар тізбесін Бағдарламаның жергілікті деңгейдегі үйлестірушісіне;
    •  үміткерлер ұсынған өтініштерді, құжаттарды, үміткерлердің тізімдерін және бизнес-ұсыныстар тізбесін конкурстық негізде іріктелген микроқаржы (микрокредит) ұйымдарына немесе кредиттік серіктестіктерге жібереді;
  2. Құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына:     
    • Бағдарламаның жергілікті деңгейдегі үйлестірушісі - ұсынылатын жобаның өңірде кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарына сәйкестігі туралы қорытындыны және жобаны Бағдарламаға қосу туралы шешімді не негізделген бас тартуды;      
    • конкурстық негізде іріктелген микроқаржы (микрокредит) ұйымдары, кредиттік серіктестіктер - үміткерлерге кредит беру мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытындыны ұсынады;
  3. Халықты жұмыспен қамту орталығы жоғарыда көрсетілген қорытындыларды, Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу туралы шешімдерді немесе негізделген бас тартуды алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде үміткерлерді бұл туралы жазбаша хабардар етеді;
  4. Халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды оқыту жөніндегі ұйымдарға жібереді, онда бір айға дейінгі оқу мерзімімен оларды кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту, оларға бизнес-жоспар дайындауға жәрдемдесу қамтамасыз етіледі.
    Бұл ретте, Жұмыспен қамту 2020, Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020 және Бизнестің жол картасы 2020 бағдарламалары шеңберінде бұдан бұрын кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен, оқуын растайтын сертификаттары бар адамдардың микрокредит алуға құқығы бар. Оқытуды растайтын құжаттың қолданылу мерзімі үш жылдан аспауға тиіс;
  5. Бағдарламаға қатысушы жобаның бизнес-жоспарын әзірлейді және Бағдарламаға қатысушыларға кредит беру құқығын алған микроқаржы (микрокредит) ұйымына микрокредит алуға арналған өтініммен жүгінеді;
  6. Микроқаржы (микрокредит) ұйымы жобаны бағалауды жүргізеді, қорытынды береді және микрокредит беру мүмкіндігі (немесе мүмкін еместігі) туралы шешім қабылдайды.
    Микрокредитті кредиттік серіктестік арқылы алған жағдайда, Бағдарламаға қатысушы жобаның бизнес-жоспарын әзірлейді және уәкілетті өңірлік ұйым Қағидаларға сәйкес өткізетін кредиттік серіктестіктерді іріктеу жөніндегі конкурсқа қатысатын кредиттік серіктестікке жүгінеді.
    Микроқаржы (микрокредит) ұйымдары және кредиттік серіктестіктер үміткерлерге микрокредит бергеннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде ол туралы Бағдарламаның жергілікті деңгейдегі үйлестірушісін хабардар етеді. Қарағанды облысы әкімінің 03.12.2013 ж. № 70/01 бұйрығына сәйкес «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ моноқалаларды дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағытын өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және табысы аз тұрғындардың жеке бизнестерін ашу немесе кеңейтуіне микрокредит беру бөлімінде іске асыру бойынша уәкілетті өңірлік ұйым болып белгіленген. 2013 жылғы 23 - 25 желтоқсан күндерінің аралығында Жезқазған, Шахтинск, Абай моноқалаларының «Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі» ММ кредиттік шарттар жасалды, несие қаражаты ӘКК есепшотына аударылды.  25.12.2014ж. жағдай бойынша несиелік қаражат 122,2 млн. теңге мөлшерінде толық көлемде игерілді.